Елордада ауқымды туристік аудан құру жоспарланып отыр. Оның ішінде қонақүйлер, мейрамхана және басқа да ойын-сауық орталығы салынады. Бұл туралы "Ашық НҚА" порталында жарияланған Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қаулысында айтылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Үкіметтің "Арнайы экономикалық аймақтардың кейбір мәселелері туралы" 2017 жылғы 24 қарашадағы №772 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізілді.
"Еліміздегі арнайы экономикалық аймақтардың аумағы 846,185 гектар жер. Оның құрамына ауданы 157,585 гектарды құрайтын "Көп функционалды туристік аудан" субаймағы кіреді", – делінген құжат жобасында.
Сондай-ақ, қаулыда әлеуметтік, денсаулық сақтау және туризм саласына инвестициялар тарту арқылы Астана қаласының жедел дамуына мүмкіндік беретіні айтылған.
Осылайша "Астана – Технополис" арнайы экономикалық аймағының аумағын кеңейту көзделіп отыр.