Білім күні Астанадағы №82 "Дарын" мектеп-лицейінде ерекше сабақ өтті. Оқу үдерісіне мұғалімге көмектесетін жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін робот-ассистент енгізілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты мәлімдеді.
Сабақ барысында робот оқушылармен және мұғаліммен тікелей байланыс орнатып, оқу материалын түсіндіруге қатысты. Сондай-ақ сұрақтар қойып, сабақтың жекелеген кезеңдерін өткізуге көмектесті.
Бұл ретте негізгі рөл мұғалімге тиесілі болды. Робот ассистент ретінде қолданылып, педагогтің кейбір міндеттерін орындауға және сабақ барысын интерактивті етуге мүмкіндік берді.
Сабақта қолданылған робот-ассистент – білім беру саласына арналған жасанды интеллект технологияларын әзірлейтін қазақстандық EdooX.ai жүйесінің шешімдерінің бірі.
Іс-шара Астана қаласы әкімдігінің, қалалық Білім басқармасы мен әдістемелік орталықтың қолдауымен ұйымдастырылды. Мерекелік бағдарламаға 250-ге жуық оқушы қатысты. Балалар үшін флешмоб өткізіліп, алғашқы қоңырау да символдық түрде бірге соғылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл тәжірибе жасанды интеллект мұғалімді алмастырмай, керісінше педагогпен бірге жұмыс істеп, оқу үдерісін интерактивті әрі оқушының қажеттілігіне бейімдеуге мүмкіндік беретінін көрсетті.