Елордада 85 мыңнан астам ағашы бар жаңа саябақ ашылады

162

Кампус пен қаланы көгалдандыруға қажетті көшеттер өсірілетін 200 шаршы метрлік жылыжай да салынды.

Елордада 85 мыңнан астам ағашы бар жаңа саябақ ашылады Фото: Назарбаев Университеті

Nazarbayev University (NU) іргелес аумақта 85 000-нан астам ағаш пен бұта отырғызылып, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

NU ауқымды жобаны – көпфункционалды парк аймағын жүзеге асыруға кірісті. Жаңа жасыл кластер NU Park университет студенттері мен қызметкерлері үшін ғана емес, Астана тұрғындары мен қонақтары үшін де демалу, шығармашылықпен айналысу, ғылым және білімге арналған ортаға айналмақ. Жоба университет басшылығы бастамашылық еткен "Қолжетімді кампус" бағдарламасының бір бөлігі болып табылады. Бағдарламаның мақсаты – қала тұрғындарына ашық, қолайлы және қолжетімді орта құру.

“Қаланың бір бөлігі бола отырып, біз функционалдылыққа, экологиялықтылыққа және архитектор Кисё Курокава әзірлеген қала құрылысы тұжырымдамасына үйлесімді интеграцияға негізделген парк кеңістігін құрып жатырмыз. Парк әр келушіге – белсенді демалыс болсын немесе тыныштықта уақыт өткізу болсын – өзіне қолайлы орынды ұсынатындай етіп жобаланған”, – деді NU президенті Вакар Ахмад.

Шамамен 45 гектар аумақта заманауи парк салынып, оның ішінде бірнеше ерекше функционалды аймақ қарастырылған:

  •  фуд-корт, арқан саябағы, этно-аул, теннис академиясы, ат спорты мектебі және футбол орталығын қамтитын өзара әрекеттесу аймағы;
  •  жұмыс істеуге және оқуға арналған тыныш орта құратын зейін аймағы;
  •  шабыт пен демалыс кеңістігі;
  •  шығармашылық шеберханалар мен көрме алаңдары бар арт-хаб.

Парктың орталық нысаны қазақ оюы пішініндегі жасыл лабиринт болмақ. Сонымен қатар, ашық аспан астындағы амфитеатр, Шығыс мәдениеттер орталығы және қайта жаңғыртылған пирамидалық екі ғимаратта түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады.

“Біз парк астаналықтар үшін жаңа тартымды орынға айналатынына сенімдіміз. Мұнда мегаполистің дәл ортасында табиғатпен оңаша қалып, шығармашылыққа ден қоюға, отбасы мен достармен уақыт өткізуге мүмкіндік жасалады”, – деп қосты профессор Ахмад.

Жоба екі жылдан астам уақытқа жоспарланғанымен, оның елеулі бөлігі 2025 жылы жүзеге асырылды. 15 гектар жер тазартылып, жыртылып, тыңайтқыш себілді, газон егілді, алты су ұңғымасы бұрғыланды. Тал, терек, үйеңкі, қарағаш, бөртегүл, қарағай, шырша сынды 85 000-нан астам ағаш пен бұта отырғызылды.

Парк құрылысының алғашқы кезеңі 2026 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Осы уақытқа қарай тағы үш жылыжай, бау-бақша орталығы, велосипед және жаяу жүргінші жолдары салынады. Жобаны NU Impact Foundation қоры қаржыландырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу