Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының 25 жылдығын атап өту қарсаңында елорда әкімдігінің қолдауымен Астана қаласы ІІД жас қызметкерлеріне арналған, жаңа ғимаратта орналасқан жалпы аумағы екі мыңнан астам шаршы метр казармалық типтегі жатақхана ашылды, деп хабарлайды inform.kz.
Жас полицейлерге жатақхана кілттерін салтанатты түрде Астана қаласы ІІД басшысы, полиция генерал-майоры Амантай Әубәкіров тапсырды.
"Біз бұл жерде қызметкерлеріміздің жайлы тұруына барлық жағдайды жасауға тырыстық, бір жағынан әлеуметтік-тұрмыстық, тұрғын үй мәселелерін шешуге көмек болып, елордадағы қылмыспен күрес және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде үлгілі қызмет атқаруға жақсы демеу болады деп ойлаймын", – дейді Амантай Әубәкіров.
Жатақхананың кең әрі жарық бөлмелерінде елордалық департаменттің 100-ге жуық жас қызметкері орналастырылады. Олардың қолдануына тұрмыстық техникамен жабдықталған ас бөлмелер, жуынатын және дем алатын бөлмелер берілді.