Елімізде Кеңес Одағының батыры, Армия генералы, еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағанбетовтың 100 жылдығы кеңінен аталып өтіп жатыр. Осыған орай Астанада жүгіруден "Жас сарбаз – патриоттар ордасы" атты жарыс өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Аталған жарысты қалалық жастар саясаты мәселелері басқармасы мен "Жас сарбаз" республикалық қоғамдық бірлестігі бірлесе ұйымдастырып отыр. Жарыста 150-ге жуық мектеп оқушылары мен колледж студенттері бақ сынады. Ұлдар 6 шақырымға, қыздар 3 шақырымға жүгірді.
– Жарыстың соңына қарай қиын болды. Десе де, барлық күшімді салдым. Осылай бірінші орынды жеңіп аламын деп ойламадым, – дейді жарыстың жеңімпазы Арай Жакенова.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыстың мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын нәсихаттау. Қоса кететіні шара жыл сайын өткізіледі екен.