Астананың денсаулық сақтау жүйесіне диагностика дәлдігі мен жеделдігін арттыруға, дәрігерлердің жүктемесін азайтуға және медициналық көмектің сапасын жақсартуға бағытталған жасанды интеллект шешімдері енгізіліп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Маңызды жобалардың бірі – WDSOFT жүйесі арқылы радиологиялық зерттеулерді орталықтандыру. Жоба онкологиялық аурулармен күрестің кешенді жоспары аясында іске асырылып, қазір жүйеге елорданың 19 медициналық ұйымы қосылған.
Жүйе медициналық кескіндердегі патологиялық өзгерістерді анықтауға және онкологиялық ауруларды ерте кезеңде диагностикалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар диагноз қою уақытын 10 минутқа дейін қысқартып, дәрігер-рентгенологтардың жүктемесін азайтады.
2025 жылғы 1 тамыздан бері Астананың бірыңғай орталық мұрағатында 360 мыңнан астам радиологиялық зерттеу жинақталған. Оның ішінде 282,6 мың рентген және флюорографиялық, 44,2 мың компьютерлік томография, 3,8 мың магниттік-резонанстық томография, 28,6 мың маммографиялық және 949 ангиографиялық зерттеу бар.
Цифрлық медицинадағы тағы бір озық шешім – инсультті автоматты диагностикалауға арналған Cerebra.ai Ltd. компаниясының Cerebra бағдарламалық жасақтамасын енгізу.
Жүйе диагнозды жылдам әрі дәл қоюға, инсульттің түрі мен қосалқы түрін нақты жіктеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ уақыттың әр минуты маңызды болатын жағдайда дәрігерлерге шешім қабылдауға көмектеседі.
Cerebra жүйесі Астана қаласының №2 қалалық көпбейінді ауруханасында пилоттық сынақтан сәтті өткеннен кейін, оны елордадағы үш инсульт орталығына – №2 қалалық көпбейінді ауруханаға, №1 көпбейінді қалалық ауруханаға және Көпбейінді медициналық орталыққа енгізу туралы шешім қабылданды.
Цифрлық денсаулық сақтауды дамытудың келесі кезеңі ретінде биыл "Жеке сүйемелдеу және онлайн-консультациялар орталығын" іске қосу жоспарланып отыр. Орталық пациенттермен байланысты күшейтіп, профилактикалық шараларды кеңейтуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар орталық базасында жасанды интеллект көмегімен елорданың денсаулық сақтау жүйесіндегі негізгі көрсеткіштерді бақылайтын ахуалдық орталық жұмыс істейді.