20 тамызда Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында өткен марапаттау рәсімінде 10 жеңімпазға Qazaq AI Research University-де білім алуға арналған гранттар табысталды.
Байқау болашақта күрделі технологиялық міндеттерді шеше алатын, аналитикалық және стандарттан тыс ойлайтын жастарды анықтауға бағытталған.
Іріктеу үш кезең бойынша өтті. Алғашқы кезеңде қатысушылардың мотивациясы бағаланса, екінші кезеңде олардың логикалық және аналитикалық қабілеті сыналды. Финалдық кезең Астанада офлайн форматта ұйымдастырылып, жастар командалық жұмыс пен практикалық тапсырмаларды орындау бойынша бақ сынады.
Байқауға ел бойынша 675 өтінім түсіп, оның 149-ы іріктеуге жіберілді. Екінші кезеңге 51 қатысушы өтіп, үздік 20 үміткер финалда сынға түсті. Нәтижесінде 10 жас грант иегері атанды.
Марапаттау рәсімінде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан кезеңде білікті мамандар мен адами капиталдың маңызы артып отырғанын атап өтті.
Грант иегерлері QAIRU-да білім алып қана қоймай, ғылыми зерттеулерге, индустриялық жобаларға және өз технологиялық өнімдерін әзірлеуге мүмкіндік алады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба Қазақстанда жасанды интеллект экожүйесін дамытуға және әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті AI-инженерлер, зерттеушілер мен технологиялық кәсіпкерлердің жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған.