Астанада жасөспірімдер арасында "Азия ойындарына" іріктеу жарыстары өтіп жатыр

182

Barys Arena Pool Олимпиадалық бассейнінің базасында жүзуден 3 жас топтары арасында Астана қаласы ашық чемпионатының ашылу салтанаты өтті. 

Астанада жасөспірімдер арасында "Азия ойындарына" іріктеу жарыстары өтіп жатыр Фото: Астана қаласының әкімдігі

Бүгін елорда төрінде 2008-2009 жылғылар мен одан кейінгі жылдары дүниеге келген жасөспірімдер арасында су спорты түрлерінен еліміздің ашық біріншілігі басталды. 4 күнге жалғасатын бәсекеде 64 жүлде жиынтығы сарапқа салынатын болады, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Спорттық іс-шараның ашылу салтанатына Астана қаласы әкімдігінің №4 Балалар мен жасөспiрiмдер мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің басшысы Нұрбол Жарқынбеков және төрешілер құрамы қатысты.

Жарыстың ашылуы рәсімін салтанатты түрде мектеп басшысы Нұрбол Жарқынбеков ашып, жас спортшыларға жоғары жетістіктерге жетуіне сәттілік тілеп, жылы лебізін білдірді.

"Сіздерді бүгінгі жарыстың басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Біріншілік қаламызда жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Додаға қатысуға Қазақстанның әр өңірінен 400-ден аса спортшы қатысуда. Қазіргі таңда жүзу спорт түрі елімізде қарқынды дамып келеді. Астаналық спортшылар көптеген жетістіктерімен ел спортының тарихында есімдерін қалдырып үлгерді.

Күні кеше айтулы мектептің тәрбиеленушілері Оңтүстік Кореяда академиялық ескек есуден өткен Азия кубогінде әйелдер құрамасы алғаш рет топ жарды. Сондай-ақ жігіттеріміз үздік үштіктер қатарынан көрінді.

Өздеріңізді бүгінгі жарыста көргеніме қуаныштымын. Жарысты ұйымдастырған барша азаматтарға еліміздің спорт саласын дамытуға қосқан үлесі үшін зор алғысымды білдіремін. Бүгінгі жарыста үздіктердің үздіктігі анықталып, ең мықтылар жеңіс тұғырынан көрінеді деген сенімдемін", - деді №4 Балалар мен жасөспiрiмдер мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің басшысы Нұрбол Жарқынбеков.

Айтулы додада еліміздің барлық аймағы мен спорттық клубтар жүлде жолында сайысқа түседі. Жалпы 26 команда маусым айының соңында Якутия (Ресей) қаласында өтетін "Азия ойындары" жарысының жолдамасына бақ таластырады.

Турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері 27 сәуір күні анықталады. Яғни олар, әр қашықтықтағы үздік нәтижелер бойынша жеке анықталса, чемпионаттың үздік спортшылары әр жүзу стилінде үздік нәтиже бойынша FINA ұпайлық кестесі бойынша кубоктармен марапатталады.

Жарыстың алғашқы күні эстафеталық жарыс – баттерфляй, еркін жүзуден 100, 200, 800 метр және брасс, арқамен жүзу 50 метр қашықтықта бойынша өрбиді. Ал жарыстың екінші, үшінші және төртінші күндері спорттық бәсеке керісінше тәсілмен жүргізілді. Яғни 50 метр ара қашықтықта еркін жүзу, баттерфляй, кешенді жүзу, ал арқамен жүзу және брасс 100 метр бойынша үздіктерді анықтайды. Жүзуден бөлек, жас спортшылары дайвинг, яғни түрлі биіктіктен секіру сайыстарында да сынға түседі.

Айта кетелік, алдағы тамыз айының аяғына қарай 6 жастан 9 жасқа дейінгі балаларды су спорты түрлеріне қабылдау басталады.

Астана қаласы әкімдігінің "№ 4 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі" КММ-де 5 олимпиадалық спорт түрі, яғни жүзу, суға секіру, академиялық есу, байдарка мен каноэде есу, синхронды жүзу түрлері бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу