Астанада "Заң мен тәртіп" жобасы аясында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу мақсатында Есіл ауданында "Түнгі қаладағы балалар" жедел-профилактикалық рейдтік іс-шаралары ұйымдастырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Іс-шараларға Астана қаласының Білім басқармасы, Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті, Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мүшелері, Полиция департаменті, Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы мен Қалалық психологиялық қолдау орталығының қызметкерлері қатысты.
Мамандар мектеп бітіру кештері өтетін нысандарда, сондай-ақ жастар көп жиналатын қоғамдық орындарда қауіпсіздік шараларын күшейтті. Түсіндіру жұмысы жүргізіліп, құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында Есіл өзенінде арнайы рейдтер ұйымдастырылды. Құтқарушылар катерлер мен құтқару кеудешелерін пайдалана отырып, су айдындарында қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылауға алды. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандарға және олардың ата-аналарына профилактикалық түсіндіру жүргізілді.
Қауіпті учаскелерде, оның ішінде түнгі уақытта да бақылау бекеттері қойылып, жаяу патрульдеу шаралары ұйымдастырылды. Бұл шаралар жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған.