Астанада жастардың жұмысқа орналасуына қандай көмек көрсетіледі

193

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жастарға кәсіби бағдар беру және жұмыс берушілердің кадр даярлау үдерісіне белсенді қатысуы басты назарға алынды.

Астанада жастардың жұмысқа орналасуына қандай көмек көрсетіледі Фото: baq.kz

Астана қаласы әкімдігінің "Еңбек мобильділігі орталығының" директоры Олжас Омар жұмыссыз азаматтарға, жоғары оқу орындарының түлектеріне және жұмыс берушілерге жаңа мүмкіндіктер мен қолдау шаралары туралы айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Өндіріс саласында жұмыс істейтін мамандарды қолдау шаралары да қолға алынған. Колледждерде "Құзыреттерді дамыту фабрикасы" форматында ресурстық орталықтар ашылып, "Жұмыс беруші күні" жобасы іске қосылды. Сондай-ақ, бос жұмыс орындар жәрмеңкелері ұйымдастырылды. Биыл Астанада мемлекеттік бағдарлама аясында 20 мыңнан астам адам қамтылады, оның ішінде 12 мыңы – жастар. IT саласындағы кәсіби біліктілікті тегін растау. Қазіргі таңда цифрлық экономиканың қарқынды дамуына байланысты ақпараттық технологиялар саласында жұмыс істеуге ниетті мамандардың саны артып келеді. Осыған орай, Career Enbek платформасы арқылы кәсіби біліктілікті тегін растауға мүмкіндік беретін ваучер алу жүйесі іске қосылды. Бұл бағдарлама аясында желі әкімшісі, жүйелік аналитик, ақпараттық қауіпсіздік инженері және басқа да сұранысқа ие IT мамандықтары бойынша сертификат алуға болады", – дейді Олжас Омар.

Бағдарламаның реттелігі:

1. Еңбек мобильділігі орталығы мамандық таңдауға кеңес береді;

2. Өтініш Career Enbek платформасы арқылы ЭЦҚ көмегімен беріледі;

3. Өтініш мақұлданғаннан кейін ваучер жеке кабинетте қолжетімді болады; 

4. Үміткер емтихан тапсырып, кәсіби біліктілігін растайтын сертификат алады.

"Қазақстанда колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектеріне арналған жастар практикасы бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Бұл бағдарлама жас мамандардың алғашқы жұмыс тәжірибесін алуына мүмкіндік береді. Бағдарлама шарттарына сәйкес, жастар практикасының ұзақтығы 12 айға дейін, жалақы мөлшері 117 960 теңгені құрайды, ал қатысушылардың жасы 35-тен аспауы тиіс. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 567 жұмыс беруші 3 353 жұмыс орнына өтініш берді, қазіргі уақытта түлектер үшін 3 319 бос жұмыс орны бар. Сонымен қатар, енді студенттер үшін тәжірибе мен тағылымдамадан өту процесі жеңіл әрі қолжетімді бола түсті. Enbek.kz порталы жұмыс берушілерге студенттер мен тағылымдамадан өтушілерді оңай табуға мүмкіндік береді. Ол үшін алдымен Enbek.kz сайтына тіркеліп, "Кәсіби тәжірибе" белгісі бар бос жұмыс орнын жариялау қажет. Одан кейін жұмыс беруші студенттерді таңдап, оларды сұхбаттасуға шақыра алады. Келесі кезеңде оқу мекемесімен онлайн келісімшарт жасалып, студент тағылымдамадан өтеді. Жұмыс беруші тағылымдамашының электронды күнделігін жүргізіп, оның нәтижелерін қадағалап отырады. Бұл жүйе студенттерге алғашқы жұмыс тәжірибесін алуға, ал жұмыс берушілерге болашақ мамандарды даярлауға мүмкіндік береді", – дейді "Еңбек мобильділігі орталығының" директоры.

Бұдан бөлек, мемлекет жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес жұмыссыз азаматтарды тегін кәсіптік оқыту бағдарламасын ұсынады.

Бағдарлама аясында оқу мерзімі 1 айдан 6 айға дейін жалғасады. Оқитын азаматтарға 43 574 теңге стипендия және 7 864 теңге көлемінде материалдық көмек беріледі.

Оқыту жұмыссыз азамат, жұмыс беруші, оқу орны және Еңбек мобильділігі орталығы арасында жасалатын төртжақты келісімшарт негізінде жүзеге асырылады.

Бағдарламаға тұрақты салық төлеуші, жалақы бойынша қарызы жоқ және кемінде 1 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорындар қатыса алады. Өтінімдер Enbek.kz порталындағы "Кәсіптік оқыту" бөлімінде қабылданады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу