Елордада кеше, 23 шілдеде сағат 21-57 шамасында Көктал ауданындағы жекеменшік жатақханадан өрт шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz қалалық ТЖД қызметіне сілтеме жасап.
"23 шілде күні сағат 21.57-де Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру бөлімшелері Көктал ауданында жатақхана жанып жатқаны туралы хабарламаға жоғары шақыру нөмірі бойынша шықты", делінген хабарламада.
ТЖД мәліметінше, от 2-қабаттағы бөлмеде 20 шаршы метр аумақта шыққан.
"Өрт сөндірушілердің күшімен иінді үш көтергіш арқылы 2 адам аман-есен құтқарылды, 60 тұрғын эвакуацияланды. Тұрғындарды орналастыру мәселесін жатақхана иесі шешеді", делінген мәліметте.
Тілсіз жау сағат 22.28-де оқшауландырылып, 22.48-де сөндірілді.
Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.