Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында жаңадан жаяу жүргіншілер променады ашылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz қала әкімдігіне сілтеме жасап.
"Елордада тұрғындардың қолайлы демалысы үшін жаңа әрі тартымды орындар ашылып жатыр. Бүгін жанданған көшелердің бірі – Сәтбаев көшесін араладым. Мұнда біз Қажымұқан көшесінен Петров көшесіне дейін қайта жаңғырту жұмысын жүргізіп жатырмыз. Жаяу жүргіншілер жолының жалпы ұзындығы – 3,5 км.
Бүгінде Қ.Мұнайтпасов көшесінен Петров көшесіне дейінгі жұмыс аяқталды. Көлеңкелі шатырлар, ойын алаңдары орнатылып, ағаштар мен жасыл желектер отырғызылды. Бұл қаладағы барынша көгалдандырылған көшелердің бірі болып саналуы мүмкін. Мұнда ірі жөке ағаштары, көпжылдық бұталар және т.б. отырғыздық", деп жазды әкім.
Сондай-ақ, Петров көшесі мен Б.Момышұлы даңғылы аралығындағы учаскені қыркүйек айына дейін аяқтау жоспарланған.
"Қала тұрғындары мен қонақтары үшін Ақбұлақ жағалауы жайлы орындардың бірі болады, ал "Амман" және "Абылай хан" көпірлерінің астында жаяу жүргіншілер өткелдері құрылды. Олар Ақбұлақ өзенінің бойындағы саябақ кластерлерін өзара байланыстырды.
Орталық жағалаудың тарихи көшелері (Желтоқсан, Бейбітшілік, Бұқарбай батыр көшелері) және т.б. жаңарып жатыр.
Биыл барлығы 165-тен астам аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандырамыз.Жұмыс қаланың барлық ауданында жүріп жатыр. Бұл жұмыстың бір бөлігі бүгінде аяқталды. Қаламыз одан да жайлы әрі жасыл болады!" - деп жазды елорда әкімі.