Астанада жазда 210 мыңнан астам оқушы лагерьге барады

139

Бұл туралы Астана қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев мәлімдеді. 

Астанада жазда 210 мыңнан астам оқушы лагерьге барады Фото: informburo.kz

Астанада жазғы демалыс кезінде 210 мыңнан астам оқушы түрлі лагерьлерге барады, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

"1–10 сынып аралығындағы оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Оның ішінде 11 мыңнан астамы – әлеуметтік осал санаттағы балалар", – деді ол.

Сенғазыевтің айтуынша, білім беру ұйымдарының жанынан бірнеше бағытта лагерьлер жұмыс істемек:

  • 92 мектеп жанындағы лагерь – 55 200 оқушыны қамтиды;

  • 192 бейінді лагерь – 11 520 оқушыны қабылдайды;

  • 10 тақырыптық жоба – 142 298 оқушыны қамтиды;

  • 1 қала сыртындағы лагерь – 1 400 балаға арналған.

"Қала сыртындағы сауықтыру лагерьлеріне 4 мыңнан астам бала жіберіледі. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. 2025 жылғы 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай Ақмола облысы, Ақкөл ауданындағы "Барап" балалар спорттық-сауықтыру орталығы ашылады. Оның жобалық қуаты – бір ауысымда 200 бала, ал жаз бойы жалпы 1 400 бала тыныға алады", – деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ елордадағы 13 қосымша білім беру ұйымының базасында тақырыптық күндізгі лагерьлер мен қысқа мерзімді үйірмелер (қолданбалы өнер, шет тілдері, жүзу) ұйымдастырылады.

Балалардың қауіпсіздігі де басты назарда. Осы мақсатта білім беру ұйымдары полиция, төтенше жағдайлар, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет және қоғамдық денсаулық сақтау органдарымен бірлесіп, нұсқамалар мен түсіндіру шараларын өткізген. Әрбір ұйымға қауіпсіздік техникасы бойынша жадынамалар таратылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу