Аязды күндері елорда тұрғындары қажетті мекен-жайларына тегін жеткізілетін болады. Мұндай мүмкіндікті елордалықтарға "Астана – мейірімді қала" жобасы аясында "Нұр Астана" мешіті сыйлады, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.
"Нұр-Астана" мешітінің бастамасымен аялдамаларда қоғамдық көліктерді күтіп қалған қала тұрғындары тиісті мекенжайларына тегін жеткізу науқаны жүзеге асырылуда.
Мешіттің ұстазы Ильяс Отаровтың айтуынша, акцияға қатысатын автокөліктер арнайы логотиппен белгіленеді.
"Біздің науқанымыздың басты мақсаты – аязды күндерде көмекке мұқтаж адамдарды қолдау. "Нұр Астана" мешітінің тұрағында акцияға қатысуға ниет білдірген көлік иелеріне тұрғындарды жеткізу ережелері жазылған брошюраларды таратып, оларды түсіндіреміз. "Астана – мейірімді қала" логотипін жапсырамыз. Бұл автокөліктерді тұрғындар бірден байқайтын болады. Көмек қолын созуға даяр жүргізушілер саны күн сайын артатынына сенемін", – дейді Ильяс Отаров.
"Астана –мейірімді қала" жобасы аясында "Нұр Астана" мешітінің қызметкерлері алдағы күндері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасыларға көмір жеткізу шараларын қолға алады деп күтілуде.
Еске салайық, бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен "Хазірет Сұлтан" республикалық мешіті "Астана – мейірімді қала" жобасы жүзеге асырыла бастады. Акция аясында көшелерде жұмыс істеп жүрген Астана қаласының коммуналдық қызметтерінің жұмысшыларына ыстық тағамдар мен шай таратылды.
Республикалық мешіттің мәліметі бойынша, "Астана - мейірімді қала" жобасы қыс бойы өткізілетін болады. Алдағы уақытта оған елорданың барлық мешіттері қосылады.
Айта кетейік, Астанада аязды ауа райының тұрақтанғанына бірнеше күн болды. Ауа температурасы -40 градусқа дейін төмендеді. Мектептер мен колледждердегі сабақтар да осы себептерге байланысты уақытша өткізілмейтін болды.