Астана қаласының №2 көпбейінді ауруханасының дәрігерлері ауыр патологиямен түскен жүкті әйелге бір мезгілде екі бірдей ота жасап, ана мен баланың өмірін аман алып қалды, деп хабарлайды elorda.info.
Қыркүйек айында Астана қаласының №2 көпбейінді ауруханасының акушерлік бөліміне ауыр жүрек сырқатымен 31 жастағы әйел келіп түсті. Жүкті әйелдің қан қысымы жоғарылап және преэклампсиямен асқынуына байланысты ауырлай түскен. Шұғыл диагностикалық, лабораториялық және салалық дәрігерлердің тексеруінен өткізген соң қолқаның жоғары бөлігінің өткір қабаттану аневризмасы деген диагноз қойылды. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшылары, бас дәрігер, бас мамандар мен бөлім меңгерушілерінің қатысуымен консилиум өткізіліп, шұғыл ота жасау туралы шешім қабылданды. Ота екі топтың – кардиохирургтар мен акушер-гинекологтар құрамымен №2 қалалық көпбейінді ауруханада жасалды.
"Отаның бірегейлігі – жүкті әйелге кардиохирургилық отаның жасалуы. Біздің дәрігерлердің бірлескен әрі жедел жұмысының арқасында екі бірдей өмір: анасы мен баласы аман қалды. Алдымен кесар тілігі арқылы жүкті әйел босандырылды. Дүниеге ұл бала келді, салмағы – 3100 грамм, Апгар шкаласы өлшемімен көрсеткіші 7-8 балл", - деді Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова журналистерге арналған брифинг барысында.
Екінші кезеңде науқасқа кардиохирургиялық ота жасалды: кеуде клеткасы ашылып, ірі қан тамырларына протез қойылып, жүрек клапаны ауыстырылды. Қазіргі күні нәресте үйіне шығарылды, ал науқас 13 күннен соң реанимация бөлімшесінен кардиохирургия бөлімшесіне ауыстырылды.
"Біз мұндай ауыр қан тамыры патологиясымен бірінші рет кездесіп отырмыз. Біз кездестірген өткір 3 типті, ең ауыр нұсқасы болды. Өздеріңіз қабатталып, көбейіп келе жатқан көп қабатты қамырды елестетіп көріңіздерші. Әр минут біз үшін қымбат еді. Перинаталдық орталықтың акушерлік блогы мен көпсалалы аурухананы біріктірудің арқасында жүрек бригадасын санаулы минуттың ішінде жинап, науқасқа жоғары технологиялық көмек көрсету мүмкін болды. Бір мезгілде науқасты босандырып, ірі қан тамырларының протезі ауыстырылды. Басқа жағдайда ота жоспарлы түрде жасалады. Ал біздің жағдайда ол түнде жасалып, 9 сағатқа жуық уақытқа созылды", - деді №2 қалалық көпбейінді аурухананың бас дәрігері Иван Ли.
Оның айутынша, аталған потологияны алдын ала байқап, анықтау мүмкін емес.
"Ол жүктілік бойынша тіркеуде болған. Бірақ бұл қан қысымы жоғарылағанда тамырдың қабатталуы болатынын алдын ала білу мүмкін емес. Ол өте ауыр жағдай болды. Менің ойымша, бұл тек Астанада ғана емес, тұтас елімізде болған бірінші жағдай. Жалпы, елімізде мұндай жағдай болып тұрады, бірақ өкінішке қарай соңы қайғылы аяқталатын", - деді Иван Ли.
Журналистерге арналған брифингке бір мезгілде екі ота жасатып аман қалған 31 жастағы Астана тұрғыны Сәбира Әбенова да қатысты. Айтуынша, бұған дейін денсаулығына еш шағымданбаған.