Астанада "Жұлдызай" республикалық ұлттық инклюзивті ойындар өтіп жатыр

141

2-4 қазан аралығында өтетін бәсекеде еліміздің 17 облысы мен 3 мегаполисінен 10-16 жас аралығындағы 542 спортшы бас қосты. 

Астанада "Жұлдызай" республикалық ұлттық инклюзивті ойындар өтіп жатыр Фото: Астана әкімдігі

Астанада мүмкіндігі шектеулі және ерекше балалардың өмірін жақсартуға, спорттық қабілеттерін дамытуға бағытталған "Жұлдызай" республикалық ұлттық инклюзивті ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Бұл спорттық шара – еліміздегі балалар мен жасөспірімдер арасындағы бірегей жоба. Министрлік тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен шұғылдануы үшін қолайлы жағдай жасалып жатыр. Соның арқасында осы санаттағы азаматтардың саны жыл сайын артып келеді. Елімізде өз үлесін қосып жүрген "BI Жұлдызай" қорына ерекше алғысымды айтамын. Бүгінгі қатысушыларға сәттілік тілеймін", – деді ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасы Руслан Есеналин.

2024 жылмен салыстырғанда биылғы жарыста спорттың саны 7-ден 9-ға көбейді. Жеңіл атлетика, голбол, мини-футбол, үстел теннисі, бес тас, асық ату, тоғызқұмалақтан бөлек, шоудаун мен бочча спорттары жаңадан енгізілді.

"Осы шараға бірнеше рет құрметті қонақ ретінде шақырылғаныма қуаныштымын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында спорт және дене шынықтыру қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс, ал ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін олардың дамуы мен толыққанды өміріне тең қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, арнайы клубтар мен оңалту орталықтарын құру қажет деп айтқан болатын. Осы жерде сіздерге өз өмірімдегі тәжірибемді айтқым келеді. Ең бастысы – чемпион болуға ұмтылыңыздар. Тынымсыз еңбек, мақсат болған сәтте ғана, сіздер биік шыңдарды бағындырасыздар.

Бүгінгі шара арқылы өздеріңізге ұнайтын спортты анықтауға тырысыңыздар. Сіздер Қазақстанның болашақ үмітісіздер" – деді пара жүзуден Рио Паралимпиадасының чемпионы Зүлфия Габидуллина.

Респубикалық додаға қатысу үшін 2025 жылы еліміздің барлық өңірлерінде арнайы іріктеу кезеңі өткен еді.

Айта кетейік, ауқымды шара 2016 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу