Астана полицейлері қоғамдық көлікте қалта ұрлығымен айналысқан, бұрын сотталған екі ұрыны ұстады, деп хабарлайды "ҚазАқпарат".
ІІД деректеріне сүйенсек, баукеспелердің бірі Оңтүстік Қазақстан облысының 34 жастағы тұрғыны. Ол маршруттық автобус ішінде жолаушы әйелдің әмиянын ұрлаған. "Дәл осындай қылмыс жасағаны үшін бұрын істі болған 1981 жылы туған Жамбыл облысының тумасы ұсталды. Ұсталған екі ұры да Астана қаласының ІІД уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Олардың қалада болған өзге де ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде", - деп хабарлады ІІД баспасөз қызметі.
Еске сала кетсек, полицейлер әлеуметтік желіге жарияланған видео бойынша 24 жастағы Астана тұрғынының қалтасын қаққан ұрының аты-жөнін анықтаған еді. Оның ұсақ қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Қылмыстық құқықбұзушылық картасына сәйкес, Астанада жыл басынан бері 4800 тонау мен 74 ұсақ ұрлық жасалған.