Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қала басшысы Астана аумағындағы коммуналдық ақылы автотұрақтарды (паркингтерді) пайдалану ережелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасы әзірленгенін хабарлады.
"Аталған ережелерде минуттық төлем қарастырылған және ұсынылған өзгерістер "Астана тұрақ кеңістігі" ЖШС-мен мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шартын бұзу рәсімі аяқталғаннан кейін енгізілетін болады. Стационарлы фото-видеофиксация жүйесін енгізу мәселесіне қатысты аталмыш жүйені енгізу инфрақұрылымы мүмкіндік беретін белгілі бір ашық автотұрақтарда жоспарлануда. Паркингтік төлемдер мен айыппұлдардан түсетін түсімдердің бірыңғай тарифін қамтамасыз ету және толық қаржылық ашықтығын қамтамасыз ету мәселесіне қатысты қазіргі уақытта шлагбаумы бар алаңдық типтегі автотұраққа алдын ала сағатына 300 теңге, ал ашық типтегі (кедергісіз) автотұраққа сағатына 100 теңге тарифі қарастырылып жатыр", – делінген елорда әкімінің жауабында.
Жүргізілген талдауға сәйкес, жеке меншік автотұрақтарда сағаттық ақы 300 теңгеден 5 000 теңгеге дейін өзгеріп отырады.
Жеңіс Қасымбек автотұрақтар меншіктің формасына қарай коммуналдық және жеке меншік болып бөлінетінін еске салды.
Жеке автопаркинг – мемлекеттік емес заңды тұлға ұйымдастырған сауда, ойын-сауық, мәдени және әкімшілік ғимараттарды қоспағанда, көлік құралдарын қоюға арналған орындар. Коммуналдық автотұраққа коммуналдық меншікте тұрған, тұрғын үй және әкімшілік ғимараттардың аумақтарын қоспағанда, көлік құралдарын қоюға арналған орындар жатады.