Елордада Алматы, Сарыарқа аудандарындағы 20 әлеуметтік нысанның 13-і газға көшірілді. 7 нысан бойынша іске қосу-жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов хабарлады, деп жазады inbusiness.kz шаһар басшысының Instagram парақшасына сілтеме жасап.
"Олардың қатарында елді мекендердегі бірқатар көпқабатты тұрғын үйлерді жылытқан 3 аудандық жылу қазандығы да бар. Бұл объектілерді газға ауыстыру есебінен жалпы үнемдеу жылына 1 млрд теңгеден асады. Мысалы, бұрын №40 мектеп дизельдік отынмен жылытуға жылына 160 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсаса, газбен бұл сома шамамен 4 есеге азайды. Ал, "Шарапат" әлеуметтік қызмет көрсету орталығының үнемдеуі жылына 60 миллион теңгеден асады", - деп жазды әкім.
Алтай Көлгіновтің айтуынша, бүгінде 6 мыңнан астам үй газға қосылған. Сарыарқа және Алматы аудандары көгілдір отынмен толық қамтамасыз етілді.
"Байқоңыр және Есіл аудандарында газ құбырын салу жұмыстары жүргізілуде. Осы жылы "Тұран", "Тельман" және "Ильинка" (Үркер), "Өндіріс", "Тельман", "Пригородный", "Family Village", "Garden Village" шағын аудандарына газ тарту желілерінің құрылысы басталды. "Шұбар" шағын ауданына жобалау жұмыстары жүргізілуде", - деді Көлгінов.