Олжас Бектенов Сауда министрлігіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін уақытша кеңейту жұмысын жеделдетуді тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Соңғы екі айда инфляция деңгейі 12,4%-ға дейін төмендеді. Алайда, кейбір өңірлерде, атап айтқанда Ұлытау, Ақмола және Атырау облыстарында керісінше, өскені байқалады. Басты себеп – азық-түлік бағасының қымбаттауы болып отыр. Өңір әкімдерінде азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін жеткілікті құралдар бар. Тек осы бағыттағы жұмысты күшейту керек", – деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы Сауда министрлігіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін уақытша кеңейту жұмысын жеделдетуді тапсырды.
"Бұл қосымша өнім түрлерінің бағасын реттеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ азық-түлік инфляциясының өсуіне ет және ет өнімдері бағасының үлесін ескере отырып, Сауда, Ауыл шаруашылығы министрліктері мен әкімдіктер аталған өнімдердің бағасын тежеуге ерекше назар аударуы қажет. Сонымен қатар Астана қаласындағыдай, арзандатылған сиыр етін ірі сауда желілері арқылы сату тәжірибесін бүкіл ел аумағында кеңінен қолданған жөн. Жалпы, инфляциялық процестерді төмендету үшін 2026 – 2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асыру барысын бақылауда ұстау қажет", – деп атап өтті Премьер-министр.