Астанадағы BaiQymyz-2026 фестивалінде 60-тан астам қымыз өндіруші өз өнімдерін ұсынды

518

Бүгін, 11 шілдеде Астанадағы "Қазанат" ипподромында екі күнге созылатын BaiQymyz-2026 халықаралық гастрофестивалі басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Астанадағы BaiQymyz-2026 фестивалінде 60-тан астам қымыз өндіруші өз өнімдерін ұсынды Фото: Астана әкімдігі

Фестивальге Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген 60-тан астам қымыз өндіруші, сондай-ақ Қырғыз Республикасы мен Ресейдің Якутия Республикасынан келген қатысушылар жиналды. Келушілер қымыздың әртүрлі түрінен дәм татып, оны дайындау дәстүрімен танысып, үздік өндірушілер анықталатын халықаралық байқауды тамашалай алады.

Фестиваль аясында қонақтарға ұлттық тағамдарды әзірлеуге арналған аспаздық шоулар мен шеберлік сабақтары, "Үздік қазы" байқауы, көкпар, бәйге, аударыспақ, қыз қуу, дәстүрлі садақ атудан жарыстар, сондай-ақ "Қой көтеру", "Жілік сындыру", шөген ойыны, ат үстіндегі квиддич, жауынгерлік жылқылардың көрсетілімі, ER QANATY жылқыларының шеруі және ат үсті өнері шеберлерінің қойылымдары ұсынылады.

Сонымен қатар фестиваль аясында ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді насихаттауға бағытталған "Дәстүр сәні: BaiQymyz-2026" байқауы өтіп жатыр. Оның қорытындысы 12 шілдеде жарияланады.

Бас сахнада Sadraddin, Қазыбек Құрайыш, Ғазизхан Шекербек, "Тұран" этно-фольклорлық ансамблі, Жұбаныш Жексен, Қайрат Бәкенов пен Format тобы, Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина және басқа да әншілер өнер көрсетеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу