Астана әкімі Бақыт Сұлтанов ТЖ департаментіне қаладағы барлық газ толтыру станцияларын тексеруді тапсырды. Мұндай тапсырма қалада газды пайдалануға қатысты екі оқиғаның орын алуына байланысты беріліп отыр, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Естеріңізге сала кетейік, 2 қаңтарда кешке Ақжол көшесі, 26 мекенжайында орналасқан жеке газ толтыру станциясы аумағында сыйымдылығы 5 текше метрді құрайтын цистерна өртенген болатын. Осының салдарынан станция маңындағы қойманың шатыры бүлініп, жатахана терезелері сынған. Сонымен қатар, 26 желтоқсанда қаладағы тұрғын үйлердің бірінде газгольдер жанған болатын.
"Әріптестер, 31 желтоқсанда Магнитогор қаласында 10 қабатты тұрғын үйде газ баллоны жарылғанын білесіздер. Адамдар қайтыс болды. Осындай жағдайдың алдын алу мақсатында ТЖД-не, индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті департаментіне аталған жағдайларға байланысты тексеріс жүргізіп, қаладағы барлық газ құю станцияларын тексеруді тапсырамын. Оның нәтижесі бойынша маған есеп беретін боласыздар",– деді Бақыт Сұлтанов.
Бақыт Сұлтанов қала әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметовке тексерісті тікелей өз бақылауына алуды тапсырды.
Аппараттық кеңесте қала әкімінің орынбасары А. Әмрин 2018 жылдың қорытындысы бойынша Астана кірісінің 429,9 млрд теңгені, ал орындалуы 100,9% құрағанын айтты. Бюджеттің шығындалуы 99,8% орындалды.