Астанада ҚР премьер-министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев, ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев және миграциялық қызмет комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов, Астана қаласы ІІД басшысы Марат Қожаевтың қатысуымен миграциялық және цифрлық халыққа қызмет көрсету орталықтарының ресми ашылуы өтті, деп хабарлайды strategy2050.kz.
2017 жылдың желтоқсан айынан бастап пилоттық тәртіпте іске қосылған миграциялық ХҚКО-да құжаттарды қабылдау және тіркеу қызметін "Азаматтарға арналған үкімет" мамандары көрсетеді. Нәтижесінде, көші-қонға байланысты мемлекеттік қызметтер де "бір терезе" принципі бойынша бекітілген стандартқа сай ұсынылатын болады.
Иманов көшесінде, 31 орналасқан миграциялық ХҚКО сағат таңғы 9.00-ден кешкі 18.30-ға дейін үзіліссіз жұмыс істейді. Бұл жерде медициналық тексеріс пен дактилоскопиядан өтіп, сақтандыру полисін рәсімдеуге және жеке сәйкестендіру нөмірін алуға болады. Бұған дейін шетелдіктер Астанада жұмыс істеуге рұқсат алу үшін бес күн жүрсе, енді рұқсатты бір сағаттың ішінде рәсімдей алады.
Айта кетсек, 2017 жылы Қазақстанда "Еңбекші көшіп келушіге рұқсаттар беру және ұзарту" мемлекеттік қызметін 446 мыңнан астам шетелдік азамат пайдаланған.