Астанадағы "Достық үйінде" Аналар күніне арналған медиация бойынша кездесу өтті

318

Аталған іс-шараның мақсаты әйел-ананың қоғамдағы, отбасындағы, жас ұрпақты тәрбиелеудегі рөлін айқындап, отбасылық құндылықтарды дәріптеу. 

 Астанадағы "Достық үйінде" Аналар күніне арналған медиация бойынша кездесу өтті Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы Qazaqstan jastary қоғамдық қорымен бірлесе ұйымдастырған дөңгелек үстелге белгілі медиаторлар мен психологтар, басқа да қоғам белсенділері және жастар қатысты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Іс-шараның модераторы Роза Бекішева аталған күннің тарихын таныстырып өтті.

"Аналар күні біздің елімізде 2012 жылдан бастап аталып өтіп жүргенмен, биыл халықаралық мереке ретінде бірінші рет тойланып отыр. Бұл күн мамырдың екiншi жексенбiсiнде аталып өтеді, биыл 12 мамырға сәйкес келiп отыр. Аналар күні – БҰҰ-ның халықаралық ұйымы мойындаған мереке. Ол көптеген елде тойланады. Биыл осы мейрамды атап өтетін елдерге Қазақстан да қосылды. Бұл мерекенің тарихы Америкадан бастау алған. Яғни, XIX ғасырда АҚШ-та пайда болды", - деді Р.Бекішова.

Алғашқы сөз кезегін алған Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Құсайынова аталған күннің мән-маңызына тоқталды.

"Қазақстан – отбасыға қатысты түрлі халықаралық келісімдер мен шарттардың, жалпы алғанда, гендерлік саясатты белсенді түрде жүзеге асырушы мемлекеттердің бірі. Қазақстан – ежелден Орталық Азия аумағындағы, бәлкім, әлемдік кеңістіктегі ана тұлғасына философиялық көзқараста болған мемлекет. Бұған түрлі мақал-мәтелдер мен күні бүгінге дейін қолданылып жүрген терминологиямыз дәлел. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен ана қай салада да белсенді екенін айтуымыз керек. Бұл сөз қазақтың әу бастан отбасындағы ананың рөліне ерекше мән бергенін көрсетеді. Өйткені бала тәрбиесі анадан басталады.

Сол сияқты "ана тілі" дейміз. Өйткені бала, ең бірінші, ана тілінде сөйлейді. Осы сөздердің, осы тіркестердің мағынасына бойласақ, философиялық ой-толғаныстарға тереңдей түсер едік. Бірақ негізгі мәні кез келген отбасында, кез келген жүйеде, кез келген елде ананың рөліне баға жетпейтіндігінде", - деді Л.Құсаинова.

Алғысөздерден соң заңгерлер мен медиаторлар және өзге де қоғам белсенділері ана мен отбасы мәселелері төңірегінде сөз сөйлеп, осыған қатысты қоғамдағы проблемаларды шешу жолын талқылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу