Астанадағы коммуналды қызмет саласы жұмыскерлерінің жалақысы 20% көтеріледі

491

Қала әкімі Алтай Көлгінов осылай деп мәлімдеді.  

Астанадағы коммуналды қызмет саласы жұмыскерлерінің жалақысы 20% көтеріледі Фото: Александр Куприенко

Ол қаладағы коммуналды қызмет саласының жұмыскерлерімен кездесіп, қысқы маусымға дайындық деңгейімен танысты. Бұл туралы Алтай Көлгінов Instagram парақшасында жазды деп хабарлайды inbusiness.kz.

Оның пікірінше, күн өткен сайын коммуналдық қызметтерге де жүктеме артып келеді. Елорданың қатал қысына қарамастан, коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері кез келген ауа райында күндіз де, түнде де жұмыс істейді.

"Олардың қолайлы жағдайда еңбек етуі үшін коммуналдық қызметтердің автопаркін үнемі жаңартып отырамыз, сол сияқты жалақы мөлшерін арттырып, қосымша сыйақы да енгіздік. Мәселен соңғы жылдардың өзінде 300-ден астам арнайы техника мен жабдық сатып алынды. Осылайша, автопарк айтарлықтай жаңартылды, себебі жұмыс қызып жатқан тұста ескі техникалардың істен шыққан кезі болған", деп жазды елорда әкімі.

Алтай Көлгіновтың айтуынша, "Астана Тазалық" жол жұмысшылары мен жүргізушілерінің жалақысы қараша айынан бастап 20%-ға артпақ. Сонымен қатар, сыйақы да енгізіледі.

"Қалалық коммуналдық қызмет мамандарының жалақысын 2023 жылы қосымша көтереміз. Қажет болған жағдайда автопаркті ары қарай да жаңартамыз",-делінген жазбада.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу