Астанадағы лифт зауытының өніміне сұраныс артты

816

Астанадағы лифт зауытының өніміне сұраныс артты

Астана маңындағы Қосшы елді мекенінде Қазақстан мен Қытайдың бірлескен кәсіпорны – "Sky Express Elevator KZ" лифт жасау зауытында өткен жылы 80 лифт жəне 11 эскалатор шығарылды. Бұл туралы Ақмола облысының əкімі Мəлік Мырзалиннің жұмыс бабымен осы кəсіпорында болғанында айтылды, деп хабарлайды inform.kz.

Зауыт директоры Нариман Хабибтің айтуынша, Қазақстанда бұған дейін лифт жасалмаған. Бұл еліміздегі лифт жасайтын алғашқы зауыт болып отыр.

"Зауыт қуаты жылына 1000-ға жуық лифт жасап шығаруға жетеді. Қазір мұнда тұрғын үйлер мен кеңселерге арналған стандартты лифттерден басқа, жүк, автокөлік және аурухана лифті де шығарылады. Жеке тапсырыспен панорамалық лифт те құрастырылады. Сондай-ақ зауыт коттедж үйлерге арналған лифт, эскалатор және траволатор да шығарады", – дейді Нариман Хабиб.

Оның айтуынша, өткен жылы жалпы 80 лифт жəне 11 эскалатор шығарылды. Келешекте бұл көрсеткішті 1000 лифтке дейін жеткізу жоспарда бар. Кәсіпорын ашылғанына көп уақыт болмаса да, оның өнімдеріне деген сұраныс қазірдің өзінде көбейіп отыр. Тапсырыс берушілер – Орал, Көкшетау, Қарағанды, Павлодар және еліміздің басқа да қалалары.

"Біз өнімдерімізді сатып алған ғимаратқа толықтай орнату, одан әрі қызмет көрсету, жөндеу жұмысын да өз мойнымызға аламыз. Лифттердің негізгі бөлігі, яғни темір корпусы, едені, төбесі, қабырғасы және шахтада болатын барлық темір құрылғысы Қазақстан өнімінен жасалады", – дейді Нариман Хабиб.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу