Астанадағы онкология орталығындағы ақаулы аппарат қайта іске қосылды

985

Астанадағы онкология орталығындағы ақаулы аппарат қайта іске қосылды

Астанадағы онкологиялық орталықтың сәулемен емдейтін жалғыз құрылғысы бір жарым күн бойы істен шығып қалды, деп жазады 24Хабар.

Сызықты үдеткіш деп аталатын аппарат қатерлі ісік дертіне шалдыққан науқастарды емдеуге арналған. Бұл туралы әлеуметтік желінің бірінде емделушінің туысы байбалам салған болатын. Жариялана сала, емделушілермен қатар қала тұрғындары да әрқилы пікір қалдырған.

Бас дәрігердің айтуынша, аталған құрал қазір іске қосылып, ем-шаралар жасалып жатыр екен. Оны жөндеуге Алматыдан арнайы маман алдыртқан.

"Кеше түні бойы жұмыс жасап, қазір аппаратты іске қосты. Бүгінгі күнде таңғы 8-ден бастап сырқаттар емін жалғастырып жатыр. Осы 1,5 күннің ішінде алмаған ем-шараларын біздің дәрігерлер қайта есептеп, емін толық алады деп отырмыз", – деп мәлім етті қалалық онкология орталығының бас дәрігері Мұхтар Төлеутаев.

Елордалық онкология орталығында осындай 3 сызықты үдеткіш аппараты бар. Оның екеуі қараша айында істен шығып қалған. Бұл олқылықтың орны жақында толтырылатын болды. Сынған құрылғылардың бөлшектері Америкадан арнайы алынып, іске қосылады.

"Қазір аталған бөлшектер шекарада кедендік бақылаудан өтіп жатыр", – дейді бас дәрігер.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу