Бүгін Астанада "Достық шеруі" велошеруі өтіп, оған мыңнан аса адам қатысты, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Спорттық іс-шара Астананың 20 жылдығын тойлау қарсаңында "Рухани жаңғыру" бағдарламасына бір жыл толу құрметіне арналды.
Қатысушыларды тіркеу 11:00-ден 2 сағат бойы жүргізілді. Велошерудің өзі "Бәйтерек" монументінің алдынан тура сағат 13:00-де басталды. Қатысушылар сол жағалау бойынша 4 шақырым 100 метрді жүріп өтті.
Велошеруге еліміздің атын әлемдік деңгейде танытып жүрген атақты велошабандоздар мен өзге спортшылар, Қазақстан халқы ассамблеясының жастар қанатының өкілдері және Астана қаласының 12 жастан асқан тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Спорттық іс-шараға қатысушылардың ең үлкені 67 жастағы қазақша және самбо күресінен спорт шебері, әлемнің үш дүркін күміс жүлдегері Орынбек Сейдағаламұлы болды. Ақсақал бесінші жыл қатарынан велоспортты жанына серік еткен. Күніне велосипедпен 5-6 шақырым жүруді бұлжымас әдетке айналдырған.
Велошеруге өзге қатысушылармен бірге "Astana Pro Team" кәсіби командасының танымал велошабандозы Дмитрий Груздев те атсалысты. Спортшы - Қазақстанның үш дүркін чемпионы және жеке жарыста Азияның екі дүркін жеңімпазы.
Велошеру аяқталған соң ұйымдастырушылар арнайы тіркелгендер арасында бағалы сыйлықтар ойнатты. Тіркеу нөмірі тосын таңдауға іліккен қатысушылар велосипедтерге ие болды. Бұл да мерекелік іс-шараға келушілердің қуанышын еселей түсті. Жалпы велошеруге мыңнан астам қала тұрғыны қатысты.
Игі істі Астана қалалық мәдениет және спорт басқармасы Қазақстан халқы ассамблеясының хатшылығымен бірлесіп өткізді. Велошеру қалалықтардың өмірін белсенді саламатты өмір салтына топтастырып, велосипедті күнделікті өмірде қолданудың пайдасын танымал ету мақсатында ұйымдастырылған.