EXPO көрмесі тек әр елдің жаңа технологиялары мен мәдени ерекшеліктерін танытатын алаң ғана емес, ірі спорттық додалардың да орталығына айналды. Бүгін Астанада әлемнің ең үздік велошабандоздары бас қосып, өзара мықтыны анықтайды, деп хабарлайды 24.kz.
Дәл осы веложарыстың еліміздің мыңдаған спорт жанкүйерлері үшін маңызы өте ерекше. Өйткені төрткүл дүниеге танымал Крис Фрум, Наиро Кинтана секілді спортшылар келді. Екіншіден өскелең отандық спортшылар үшін де тәжірибе жинауға, сонымен қатар шеберліктерін арттыруға ықпалы зор. Мәселен мұнда республикалық олимпиадалық даярлау орталығының шәкірттері де бар. Оның ішінде жастар да, жасөспірімдер де бар және дәл осы шарадан алған тәжірибелері тамыз айының соңында Италияда өтетін әлем чемпионатында септігін тигізіп, жүлдегерлер қатарынан көрінбек.
Бүгінгі шара EXPO қалашығының амфитеатрында командалардың таныстырылымымен басталды. Жалпы жарысқа 15 елден жиырмаға жуық команда қатысып жатыр. Спортшылар ұзындығы 1,6 шақырымды құрайтын веложолақпен 30-35 айналым жасап, өзара мықтыны анықтайтын болады.