"Астана" концерт залында жаңа теміржол вокзалының ашылуына орай бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп жатыр, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі. Шараны ұйымдастырушылар – "Қазақстан темір жолы" АҚ, Астана қаласының әкімдігі және Астана қаласының халықты жұмыспен қамту орталығы.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне шамамен 60-қа жуық жұмыс беруші қатысып жатыр. Барлығы шамамен мыңға жуық бос жұмыс орнын ұсынды.
Шара барысында "Қазақстан темір жолы" АҚ және Астана қаласының халықты жұмыспен қамту орталығы арасында ресми түрде келісімге қол қойылды. Онда жұмыссыз азаматты жұмысқа орналастыру іс-шараларына тараптардың белсенді қатысуы қарастырылған.
Жалпы жыл басынан бері халықты жұмыспен қамту орталығына жұмысқа орналасуға көмек сұрап 3701 адам жүгінген. Оның 1342-сі жұмысқа орналасты, оның ішінде 229 түлек жастар практикасына және 84 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді. Қоғамдық жұмыстарға 799 адам қатысып жатыр. Жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау шараларымен 2141 адам қамтылған. Халықты жұмыспен қамту орталығының мәлімет базасында 1078 жұмыс беруші және 3010 бос жұмыс орны тіркелген. Сондай-ақ мектепте кәсіби бағдар беру шаралары қолға алынған.