Құрылысты "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры жүзеге асырды. Жобаның құны шамамен 19,5 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды elorda.info.
Бірегей ғимаратта жекпе-жектің барлық түрлерінен: бокс, күрес, дзюдо, ауыр атлетика және т.б. халықаралық жарыстар өтеді Сондай-ақ, кешенде жарысқа дайындық барысында спортшылар жаттығады. Бұдан басқа, онда салауатты өмір салтын ұстанатын қарапайым тұрғындар спортпен шұғылдана алады.
"Кешен халықаралық спорт федерациясының стандарттары мен талаптарына сәйкес салынды. Ғимараттың құрылысы кезінде жылу беру, желдету-ауаны баптау және бөлмені жарықтандырудың заманауи энергиялық тиімді жүйелері ұсынатын инновациялық инженерлік шешімдер қолданылды. Жекпе-жек сарайы ғимаратының ерекше үшбұрышты формасы Қазақстанның бостандығы мен бірлігінің символы ретінде қыран бейнесін бейнелейді",– деді "Samruk-Kazyna Construction" АҚ сатып алу және пайдалану департаменті директоры Дархан Мұсанов.
Көп функционалды аренаның аумағы 32 мың шаршы метр, спорт зал 5 мың адамға арналған. Кешен төрт қабаттан және бірнеше блоктан тұрады – аренадағы әмбебап жаттығу залы, жаттығу және спорттық-сауықтыру бөлмесі, сондай-ақ қонақ үй қарастырылған. Сонымен қатар, кешенде 25 метрлік жүзу бассейні, фитнес-орталық және кіші футбол алаңы да бар.