Астанадағы жеңіл рельсті көлік жүйесінің құрылысына 16,2 млрд теңге жұмсалады. Үкімет отырысында инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек осылай деді.
Министр мәлімдегендей, LRT жобасы аясында 2018 жылы - 9,1 млрд, 2019 жылы - 7,1 млрд теңге игеріледі.
"Қытайлық компаниялар консорциумының қатысушысы - China Railway No.2 Engineering Group Co., Ltd компаниясы құрылыс-монтаждау жұмыстарына лицензия алып отыр. Ол компания тіреуіш іргетастарды, эстакадаларды орнату жұмыстарын жүргізеді. Барлық желі бойынша құрылыс нысандарына 121 ауыр техника мен 2 262 жұмысшы жұмылдырылды. 2018 жылдың 16 маусымындағы жағдай бойынша 80,5% ұңғымаларды бұрғылау тіреуіштері, 35% ростверк, 16,8% тіректер мен бағандар, 10,1% құрама біліктер орнатылды. Депо нысандарында 2 618 тіреуіш қағылды",- деді Жеңіс Қасымбек.