Елімізде әскерге шақырудың көктемгі науқаны басталды. Биыл еліміз бойынша 37 мыңнан астам азамат әскер қатарына алынбақ. Бүгін, Астана әкімдігі мен қорғаныс министрлігі бірлесіп, әскер қатарына шақыртылған жас сарбаздарды салтанатты шығарып салу рәсімін өткізді. Оған орта мектептердің оқушылары мен әскери коледждердің курсанттары да қатысты. Айбынды жастар Қазақстанның тірегі" атты шара жасөспірімдерге патриоттық тәрбие беру мақсатында ұйымдастырылған.
Биыл, көктемгі әскерге шақыру науқанында еліміздің түкпір-түкпірінен 18 мыңнан астам азамат әскерге аттанады. Олардың арасында 19 жастағы - Темірлан Қамзин де бар. Ол жауынгер болуды бала кезден армандағанын айтады. Өйткені, әскерге барғандар - отан алдындағы борышын өтеп қана қоймай, жоғарғы оқу орындарына түсуге мол мүмкіндік алады. Әрі келешегін әскери өмірмен байланыстыратын жастар үшін бұл батыл қадам болары анық, дейді жас сарбаз.
"Мен әскери борышымды өтеуге дайынмын. Біз әскери борышымызды өтемесек біз үшін басқа ешкім өтемейді. Біз өзге елге барғанша өз елімізде қалып, қорғауымыз керек. Әскерге барған азаматтарға оқу орындары тегін және біршама жеңілдіктер болады", - дейді қала тұрғыны Темірлан Қамзин.
Астанадан іріктеліп алынған жастар еліміздің түкпір-түкпіріндегі 6 түрлі әскери құрылым бөлімдеріне аттанбақ. Биыл, жас сарбаздар үшін арнайы пилоттық бағдарлама да іске қосылды. Онда кейбір сарбаздар әскери қызметті өзінің туып өскен өңірлерінде өтей алады. Мұндай әдіс сарбаздарға әскерден соң келісім шарт бойынша сол бөлімшеде қызметке орналасуға мүмкіндік береді. Мамандар қазір әскерге баруға ниет білдірген жастардың қатары жылдан жылға артып келе жатыр, дейді.
"Әр баланың өзінің отбасында алған тәлім тәрбиесі бар. Соған байланысты көбісі өз қалауымен келіп жатады. Айта алмаймын амалының жоғынан келіп жатыр деп. Мысалы жыл сайын 120 мыңдай азамат тар әскерге шақыруға жататын болса сол 120 мың адамның ішінен 37 мыңдай азамат іріктеліп алынады. Қалғандары оқуына байланысты әскерге шақыруға жатпайды. Біреулер денсаулығына байланысты, кейбіреулер жанұялық жағдайына байланысты, кейбіреулер ата-анасы жалғыз болуы мүмкін. Сол жанұяны асырап отырған. Ал ,қалғандары бізге әскерге шақырылады", - деді ҚР ҚК бас штабы жұмылдыру және жасақтау департаментінің басшысы Бауыржан Артықов.
Әскерге салтанатты шығарып салу шарасына елорда мектептерінде оқитын 1400 оқушы мен "Жас сарбаз" әскери-патриоттық қозғалысының және әскери колледждердің курсанттары қатысты. Олардың бойындағы отансүйгіштік қасиет пен жауынгерлік рухты ояту үшін қарулы күштердің ардагерлері дәріс оқыды. Сондай-ақ, жасөспірімдерге әскери қару-жарақ көрмесі және арнайы концерттік бағдарлама ұсынылған.