Астанадан Бейжіңге велосипедпен шыққан жерлесіміз Жарма ауданына жетті

748

Астанадан Бейжіңге велосипедпен шыққан жерлесіміз Жарма ауданына жетті

Қалбатау ауылына елімізге танымал марафоншы Дулат Иманқажы "Астана-Бейжің" бағытына велосипедпен бара жатқан кезекті сапарында ат басын бұрып, аялдады, деп хабарлайды altaynews.kz.

Бұған дейін Меккеге жаяу барған желаяқ, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Алматы қаласында болған Азияда ойындарының құрметіне орай қазақ жерінің қалаларын жаяу жүріп өткен марафоншы. Жасы елуге келген Дулат Иманқажы бүгінде Астана қаласының тұрғыны, жастарды спортқа баулып, салауатты өмір салтын насихаттап жүрген мұғалім, әрі жаттықтырушы. Еліміздің бас қаласында жастарға арнап "Астана желаяғы" спорт клубын ашқан. Спорттың бірнеше түрімен айналысатын марафоншы 7 шілде күні Астана қаласынан жолға шығып, 5240 шақырым қашықтықты велосипедпен 67 күнде жүріп өтуді жоспарлаған.

Алыс сапарға аттанып бара жатқан спортшыны аудан әкімінің орынбасары А.Ибраев қарсы алып, сапарына сәттілік тіледі.

"Менің осынау Астана-Пекин бағытындағы сапарыма Еуразия Ұлттық университеті қолдау көрсетуінің нәтижесінде осы жолға шықтым. Негізгі мақсатым — Қазақ елін әлемдік қоғамдастыққа таныту және жастарды спортпен айналысуға шақыру. Астана қаласынан бастап Ақсу — Павлодар — Семей – Қалбатау, Көкпекті — Зайсан — Майқапшағайға дейін одан ары қарай Жеменей аймағы, Қытайдың Үрімжі — Гуанжоу — Шанси, Қытай астанасы –Бейжің сияқты үлкен қалалары менің бағытымда бекітілген. Күніне ең аз дегенде 60 шақырымнан астам жүріп өтемін. Кейде 240 шақырымға дейін кетіп қалады"-дейді әңгіме арасында спортшы Дулат Иманқажы.

Сондай-ақ, өзінің бұл сапарын Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығы құрметіне және еліміздің бас қаласында өтіп жатқан Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесіне арнайтынын жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу