Жаз маусымы қауырт өткенімен, табыс аса көп болған жоқ. Мұндай қорытындыны finprom.kz порталы жариялап отыр. Әсіресе, мейрамхана мен қонақ үй бизнесі үшін биыл қиын болыпты. Тіпті алғашқы 2 тоқсанға қарағанда екінші жарты жылдықтағы кіріс 2 есеге құлдырап, небәрі 8,2 млрд теңгені құраған. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда анағұрлым аз көрсеткіш.
3 айға жалғасқан "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесінің де қосқан үлесі көп емес. Мәселен, ірі және орта бизнестің таза табысы биыл 58 млрд теңге болған. Ал шағын кәсіп иелерінің кірісі 1,1 млрд теңге шамасында. Былтырғы түсімнен 2,4%-ға төмен. Жалпы жатын орын мен ас-ауқат ұсынушы қызметтің кірісі 142 млрд теңге болса, шығыс 83 млрд теңгеге жеткен. Тек көрме өткен жер – елорда кәсіпкерлерінің ғана табысы еселенген.