Астанаға ТМД аруы атағы үшін бәсекелесуге 10 елден 18 жастан 27 жас аралығындағы 19 қатысушы жиналды.
Байқау өткізіліп келе жатқан уақыт ішінде (22 жылда) алғаш рет Астанада ұйымдастырылып отыр және ол елорданың 20 жылдығына орайластырылды.
Байқаудың мақсаты - қатысушы елдер арасында туризм мен мәдениетті дамыту.
Конкурста өз елін таныстырып, құрмет көрсету үшін қатысушылар бірнеше кезеңнен тұратын кешенді іріктеуден өтіп, ақтық сайысқа бірнеше күн қалған кезде Астанада жиналып отыр. Осы уақыт аралығында олар қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарымен танысады, сондай-ақ Астананың көрікті жерлерін аралап, мерейтойлық мерекелер мен қайырымдылық шараларға қатысады.
27 шілде сағат 19.00-де "Казмедиа орталығы" киноконцерт залының сахнасында байқаудың ақтық мәресі өтеді.
"ТМД аруы" байқауы 1996 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келеді. "ТМД аруы-2018" байқауы "ТМД аруы" Халықаралық байқауының бас директоры және негізін қалаушысы Наири Мнацаканян мен "Velada халықаралық модель агенттігінің тікелей қолдауымен өткізіліп отыр.