Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыровтың айтуынша, форумға еріктілерден басқа 50-ге жуық шетелдік спикерлер келді, деп жазады inbusiness.kz.
"Бүгін және ертең өтетін форумға 34 елден 140-тан астам еріктілер қатысады. Сонымен қатар, 50 шетелдік спикер келді. Сондай-ақ, Іс-шарада барлығы 400-ден астам қатысушы болады. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды еріктілер жылы деп жариялады. Сондықтан былтыр алғаш Орталық Азия еріктілер форумы өтті. Бүгін Халықаралық еріктілер форумы өтуде", - деді Данияр Қадыров журналистерге берген сұхбатында.
ТМД Бас хатшысының орынбасары Дәурен Абаев еріктілер қозғалысына жастарлы тарту басты назарда екенін атап өтті.
"Бұл ретте осы қозғалысқа жастарды тартуға ерекше көңіл бөлінеді. Бұған ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің 2018 жылғы шешімімен бекітілген Жастар ерікті қозғалысын қолдауда ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ынтымақтастығын дамыту тұжырымдамасын жоспарлы іске асыру айтарлықтай дәрежеде ықпал етеді.
Бұл жұмысты ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жастар жөніндегі кеңесі үйлестіреді, оның қызметі осы бағыттағы ақпараттық, әдістемелік және сараптамалық кооперация практикасын кеңейтуге жәрдемдеседі. Нәтижесінде біз Достастық елдерінің жетекші волонтерлік ұйымдары арасындағы байланыстардың нығайғанын көріп отырмыз", - деді спикер.
Сонымен қатар, экологиялық, мәдени және спорттық волонтерлік салаларда осы елдермен бірқатар бірлескен жобалар іске асырылуда.
Форум аясында халықаралық волонтерлік ұйымдардың қызметі, азаматтық бастамаларды қолдаудағы корпоративтік жауапкершіліктің рөлі, экологиядағы, білім берудегі, денсаулық сақтаудағы және төтенше жағдайлардағы волонтерлік тақырыптар талқыланады деп күтілуде.