Осы демалыс күндері, 28-29 қыркүйекте Астанада Абай және Қызылорда облыстарының тауар өндірушілерінің қатысуымен ірі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Екі облыстың аграршылары Астанаға нарықтық бағадан төмен бағамен 830 тоннадан астам жоғары сапалы ауыл шаруашылығы өнімін әкеледі. Сатылатын тауарлар тізімінде: ет, күріш, балық, көкеністер мен жемістер, өсімдік майы, сүт өнімдері, бал, қымыз, шұжық өнімдері, бақша дақылдары, ас тұзы, сондай-ақ, сүт және кондитерлік өнімдер бар.
Жәрмеңкені өткізу барысында елорда тұрғындары мен қонақтары Абай және Қызылорда облыстары әртістерінің қатысуымен ойын-сауық концерттік бағдарламасын тамашалай алады. Ауылшаруашылық жәрмеңкесі сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін ашық болады.
Естеріңізге сала кетейік, биыл жәрмеңке "Қазанат" ипподромына қарама-қарсы, Қарқаралы тас жолы, 1-де өтеді. Елорда тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы болуы үшін оны өткізу кезеңінде № 18, 37, 303 және 323 автобус маршруттары жүреді.