Мамандардың айтуынша, автоматтандырылған жүйеде адами фактор болмайды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
4 желтоқсаннан бастап Астана қаласына негізгі кіреберіс жолдарда жүк көліктерін қабылдау "Сергек" қағидатымен іске асырылмақ.
Мұны Көлік министрлігі Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің Ахуалдық орталығы басшысының міндетін атқарушы Сұлтан Мұсағалиев айтып отыр. Ол қазірдің өзінде мұнан жақсы қорытынды шығып жатқанын жасырмады.
– Бұл тестілеуден өткізіліп жатқан жоба емес. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінде жүкті шамадан тыс тиеген көліктерге қатысты арнайы бап бар. Бұған дейін автоматтандырылған өлшеу жүйесі арқылы бақылаудың тәсілі іске қосылған еді. Атап айтқанда, қазір жартылай автоматтандырылған жүйе жұмыс істеп тұр. Бұл ретте маман салмақ ережесін бұзғандарды анықтап, тиісті нұсқаманы жүк тасымалдаушыларға жолдап жатыр.
Ал 4 желтоқсаннан осы нұсқамалар толықтай автоматтандырылған тәртіпте бағытталады. Артық салмақ тиегендер "Сергек" қағидаты бойынша анықталып, айыппұл жолданады, жүйе автоматты түрде жұмыс істейді. Адами фактор болмайды. Осы орайда жақсы үрдісті байқап отырмыз, яғни олар жүкті рұқсат етілген деңгейде тиеп жатыр, – деді ол.
Астана аумағында қазір 7 өлшеу жүйесі орнатылса, оның бесеуі іске қосылған. Осы жылдың 6 қыркүйегінен бастап көлік саласындағы бақылау инспекциясы 235 млн теңгеге 632 көлік бойынша ұйғарымды жолдаған. Сондай-ақ, тағы 70-ке жуық ұйғарым көлік иелеріне бағытталады.
– Жалпы, базада ауыр салмақты көліктер бойынша 13 мың ереже бұзу жинақталған. Бірақ, оның 12 мыңнан астамы автокөліктердің мемлекеттік нөмірлерінің анықталмауына байланысты сәл кідіріп тұр. Сондықтан, тек 632-сіне айыппұл салынды. Жүк көліктерінің жүргізушілері аталған өлшеу жүйесіне жақындаған кезде мемлекеттік нөмірлерін бүркеп жауып тастауы немесе өлшеу станциясынан айналып өтуі әрекеттерін жасап жатыр, – деген болатын ведомство өкілі.