Астанаға діндер лидерлер Съезі Хатшылығының отырысына 24 елден делегация келді

546

 Хатшылықтың ХХІ отырысына 24 елден барлығы 30 делегация келді, деп жазады inbusiness.kz.

Астанаға діндер лидерлер Съезі Хатшылығының отырысына 24 елден делегация келді Фото: El.kz

Бүгін Астана қаласы төрінде Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының Басшысы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXI отырысы өтіп жатыр.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXI отырысы бір минуттық үнсіздіктен басталды.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің құттықтау хатында бүгінгі отырыс Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің 20-жылдығына орай ұйымдастырылып отырғанын айтып, бүгінгі қиын-қыстау заманда оның маңыздылығын ерекше атап өтті.

"Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXI отырысы қатысушылары мен қонақтарын бүгінгі отырыстың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Биыл съездің бастау алғанына 20 жыл толып отыр. Қысқа ғана уақыттың ішінде бұл бастама халықаралық диалогтың алаңына айналды. Форум әлемдік діндер арасындағы келісім мен ынтымақтастықты дамыта түсті, күллі адамзат алдында тұрған өткір мәселелерді шешуге көмектесіп, толеранттылықты насихаттаушы құралға айналды.

Кездесулер барысында әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған діндер лидерлері өзекті мәселелерді көтеріп, бірліктің сақталуына қатысты өз ойларын білдірді. Қазір гео-ахуал одан әрі ушығып барады, қауіп-қатер саны артты — осы бір ауыр заманда мейірім мен аяушылық, бауырмашылық пен жауапкершілік принциптерінің маңыздылығы арта түсті. Сондықтан халықаралық қауіпсіздік шараларының жаңа жүйесін қалыптастыру үшін бүкіл әлем бейбіт өмір қозғалысын бастауы керек, осы жерде діндер көшбасшыларының рөлі маңызды. Бүгінгі отырыстың көтерер басты мәселесі осында. Қазақстан өз кезегінде серіктестіктің барлық түріне келісім береді", — делінген ҚР Президенті құттықтау хатында.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының отырысында төрағалық еткен Мәулен Әшімбаев бүгін елордаға 24 елден 30 делегация келгенін хабарлады. Съездің ХХІ Хатшылығының жұмысына ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, синтоизм өкілдері қатысып жатыр.

"Форум соңғы 20 жыл ішінде ұлтаралық, діндер арасындағы диалогтың таптырмас алаңына айналды. Әлемдік мәселелерді конструктивті әңгіме барысында талқылау бір жақсы дәстүрге айналды. Қазір халықаралық қауымдастық біздің бастамаға қызығушылық танытып, өз қолдауын білдіріп жатыр. Сондықтан мен бүгін уақытын бөліп, келіп отырған барлық қонақтарға алғысымды білдіремін. Ал дәл осы отырыс — Съездің негізгі әрі маңызды шараларының бірі. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXI отырысына қатысу үшін Астанаға 24 елден 30 делегация келді. Олардың арасында бұған дейін де келген қатысушылар, ат басын алғаш тіреген жандар бар. Қош келдіңіздер!" — деді М.Әшімбаев.

Жалпы Хатшылық отырысы аясында VIІ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің қорытындылары бойынша пікір алмасу, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің 2023-2033 жылдарға арналған даму тұжырымдамасын талқылау жоспарланып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу