Астанада Disneyland салынбайды. Бірақ оның орнына туристік кешен бой көтереді. Бұл туралы Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бұл Disneyland деп нақты айта алмаймын. Бірақ та, жүзеге асырылып жатқан жобалардың арасында Астанада туристік кешен ашу жоспары бар. Бұл – үлкен кешен. Онда түрлі ойын-сауық парктері болады. Бұл жоба іске асырылу сатысында тұр", - деді Ержан Еркінбаев.
Вице-министр аталмыш нысанға "Барыс Арена" маңындағы жер учаскесі белгіленгенін айтты. Кешен аумағында сауда орталығы мен халықаралық деңгейдегі қонақ үй де болады.
Ержан Еркінбаев туристік кешен шетелдік инвестордың қаражатына салынатынын айтты.
"2027 жылы осы ірі кешеннің туристік бөлігі пайдалануға беріледі", - деді Туризм және спорт вице-министрі.