Астанаға Хельсинки (Финляндия), Варшава (Польша) және Будапешттен (Венгрия) ұшатын тікелей рейстер 2017 жылдың мамыр-маусым айларында іске қосылады деп хабарлады инвестиция және даму министрлігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай.
"Жуырда Хельсинки, Будапешт, Варшава және Бейжіңнен ұшатын 4 әуе рейсі ашылады", – деді ол дүйсенбі күні Астанада өткен брифингте.
Осылайша, халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу кезеңінде аптасына 2 реттен ұшатын Хельсинки-Астана рейсі ашылады.
7 маусымнан бастап Будапешттен аптасына 2 рейс және 29 мамыр күні Варшавадан аптасына 4 рет ұшатын рейс іске қосылады.
Одан бөлек, Мұрат Жұманбай атап өткендей, шілде айында ұшу жиілігі аптасына 3 ретті құрайтын Бейжің-Астана бағыты ашылмақ.
Халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесі Астанада 2017 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйегі аралығында өтеді.