2023 жылдың сәуір айынан бастап, Астанадағы Сарыарқа ауданының әкімі қызметіне тағайындалған Ералы Бауыржан Бейбітұлы қызыметінен кетті. Ол осы уақытқа дейін қолдау көрсетіп, жобаларды жүзеге асыруға атсалысқан тұрғындарға алғысын білдірді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ауданда екі жыл абаттандыру, инфрақұрылым жүйесін дамыту, кедергісіз жайлы аудан құру бағыттарына ерекше көңіл бөлінді.
Атап айтқанда, Сарыарқа ауданының аумағында 2 жыл ішінде 106 аула толықтай абаттандырылды, тарихи көшелерді жаңарту, 10 қараусыз қалған аумақта қоғамдық кеңістіктер пайда болып, 9 гүлзар қайта жөндеуден өтті. 40-қа жуық көше орташа жөндеуден өтіп, жаяу жүргіншілер жолымен қамтылды.
Сонымен қатар, "Көктал-1,2" тұрғын алаптарында 11 көшеде кешенді инженерлік желілерді жаңарту жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар аясында интернет жүйесі тартылып, су бұру желілері жаңартылды, көшелер жарықтандырылып, автокөлік және жаяу жүргіншілер жолдары толықтай қайта жөнделді.
Жүзеге асқан ең маңызды шешімдердің бірі – қалалық әкімдіктің қолдауымен 200-ден астам үй орналасқан "Нұр-Бесік" шағын ауданының (Көктал-1) тұрғындарына құқық белгілейтін құжаттар беру мәселесінің шешілуі.
"Бұл жетістіктер – тұрғындардың сенімі мен аудан аппаратының еңбегінің нәтижесі. Жеке қабылдауларда, кездесулерде маңызды сұрақтар көтеріп, ұсыныстарыңызды жеткізгендеріңіз үшін алғысым шексіз. Әр диалог, әр пікір бізді алға жетелеп, өз жұмысымызды жақсартуға мүмкіндік берді. Біз кейде дауласып, пікір алмасып жатсақ та, ортақ мақсат – ауданымызды жақсарту жолында бірлесе еңбек еттік. Әрқашан қолдау көрсеткендеріңіз және ашық диалог орнатқандарыңыз үшін баршаңызға үлкен алғысымды білдіремін!" – деді Бауыржан Бейбітұлы.