Астанаға көлікпен ақы төлеп кіруге ешкім міндеттемейді - қалалық шешімдер бюросы

1000

Астанаға көлікпен ақы төлеп кіруге ешкім міндеттемейді - қалалық шешімдер бюросы

"Қалалық шешімдер бюросы" орталығының директоры Дәурен Қайсаровтың айтуынша, елордаға көлікпен кіруді ақылы жүйеге ауыстыру бастамасы талқыланып жатыр.  Алайда оны енгізген күннің өзінде xалықты көліктерін тастап, жаппай автобусқа мінуге ешкім міндеттемейді, деп xабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.

"Жалпы, бұл аспаннан алынған ақиқат емес. Біздің зерттеуімізге сәйкес, таңғы сағат 8:26-да қала бойынша көлік кептелістері жиі болады. Осыны зерделей келе, сағат 7:00 мен 10:00-дің аралығында Талапкер, Қарағанды, одан кейін Қосшы жақтан кіретін көліктердің саны тым көп болатынын анықтадық. Енді, дәл осы уақытта қалаға кіруді ақылы етсек деген ой бар. Бұл дегеніміз, сағат 7 мен 10-ның аралығында 100 теңгеңді төлеп кір немесе машинаңды автотұраққа қой да, келіп тұрған автобусқа отырып, ары қарай кете бер. Бірақ ол көлікті тастайтын тұрақ қажет. Ол – бір. Екіншіден, автобустардың жүрісі ыңғайлы болған жөн. Ал, енді кез келген адамды тоқтатып, оны қалаға кіргізбей, ақыны төлеуге талап қойып жатқан ешкім жоқ. Мұның барлығы әлі талқыланып жатыр. Мәслиxат депутаттары бекітпесе, xалық талқысына түспесе, ол бастаманың жүзеге аспайтыны белгілі", – деді Қайсаров.

Айта кетейік, осыдан бір ай бұрын Астана қаласының көлік кешенін дамыту мәселелеріне арналған қоғамдық тыңдауларда кептеліс көп болатын уақытта қалаға көлікпен кірудің ақылы жүйесін енгізу жайында айтылды. Жоспар бойынша, таңғы сағат 7:00 мен 10:00-дің аралығында Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Қосшы мен Қорғалжын бағыттарынан қалаға жеке көлікпен кіру ақылы болады.

"Осы іспетті шаралардан кейін адамдар қоғамдық көлікке ауысады деп ойламыз. Қаланың сыртында жеке көлік иелері үшін автотұрақтар ашылады. Көлікті сол жерге тастап, автобусқа отыруға болады", – деді "Астана LRT" компаниясының көлік қатынасы бойынша директоры Рустам Халилев.

Оның айтуынша, бүгінде елордаға күн сайын сырттан 75 мыңнан астам көлік келеді. Соның 30-40 пайызы – таңғы уақытта кіретін машиналар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу