Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы үкімет отырысында Ақмола облысындағы Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған жоспары (ІІІ кезең) және Астана қаласында туризмді дамытудың 2020 жылға дейінгі жол картасы туралы баяндады, деп хабарлайды primeminister.kz.
Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған жоспары төрт бөлім мен 33 іс-шарадан тұрады. Оған инфрақұрылымдық және экологиялық мәселелерді шешу бойынша, көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту бойынша, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша, ЩБКА-ның туристік әлеуетін дамыту бойынша іс-шаралар енгізілген. ЩБКА-ны дамыту жоспарының іс-шараларын іске асыруға 61,3 млрд теңге көлеміндегі қаржыландыру жоспарланған.
Астана туристік кластерін дамыту мәселесіне қатысты Арыстанбек Мұхамедиұлы 2017 жылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша инвестицияның ең үлкен көлемі Астанаға (19,2 млрд теңге) тиесілі екенін айтты.
"Жылдың басты туристік магниті болған ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі, оның арқасында І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша қонақ үй, отель мен мейрамхана саны 16% көбейді, қонақтарды күтуге дайын бөлмелер 15% артты. Олар көрсеткен қызмет көлемі бірден 23% өсті. Астана қонақ үйлер, отель және басқа да орналастыру орындары санының өсуі бойынша алғашқы үштікке кірді", - деді министр.
ҚР үіметіне бекітуге берілген Астана қаласында туризмді дамыту жөніндегі 2020 жылға дейінгі жол картасы 24 іс-шарадан тұрады, олардың ішінде ішкі және шетел туристерін тарту бойынша, инфрақұрылымды абаттандыру және туристік қызметтер сапасын жоғарылату бойынша, Астана қаласының жоғарғы білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет объектілерінің өзін өзі өтеу мен пайдалану тиімділігін арттыру бойынша, медициналық туризмді дамыту бойынша, білім беру туризмі саласындағы іс-шаралар бар.