Сирия мәселесіне қатысты бүгін Астанада өтетін кезекті келіссөздерге Шам елінің оппозициясы да келді. Мұны Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің басшысы Ануар Жайнақов мәлімдеді.
Сондай-ақ, ол дөңгелек үстелге қатысатын кепіл мемлекеттердің делегациялары Елордада жүргенін жеткізді. Келіссөздерге Америкадан АҚШ мемлекеттік хатшысының Таяу Шығыс істері бойынша көмекшісі Стюарт Джонс қатыспақ. Ал, Біріккен ұлттар ұйымынан, бас хатшының Сирия мәселесі бойынша арнайы елшісі Стафан де Мистура келді. Айта кетейік, кездесу бүгін басталып, ертең де жалғасады деп жоспарланып отыр. Онда, тараптар Сириядағы деэскалация аймағының параметрлерін нақты бекітілулері тиіс.
Ануар Жайнақов, ҚР сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің басшысы:
"Астана процесі аясында келіссөзге қатысушы барлық делегациялар Астанаға келді, олардың қатарында тоғыз адамнан құралған сириялық қарулы оппозиция өкілдері де бар. БҰҰ бас хатшылығының Сирия мәселесі бойынша арнайы елшісі Стаффан де Мистура да келді. Бүгін делегациялар арасында екі жақты келіссөздер жасалып, ертең пленарлық отырыс өткізу жоспарланып отыр".