Астанада мамандандырылған екі тұрақ жұмыс істейді. Астаналық транспорт және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы "Көктал-2" ТА жақтан жалпы алаңы 5,1 га жер теліміне тағы да сондай бір тұрақ салуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Алаш тас жолындағы және Н: Тілендиев даңғылындағы мамандандырылған автотұрақтың жұмысы туралы көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы басшысының орынбасары Әлихан Қуатбеков қалалық әкімдіктегі қоғамдық кеңесте баяндап берді. Спикер қолданыстағы "Астана қаласының территориясындағы (автопарк) автотұрақ ұйымдарының ережесін бекіту туралы" қаулыға біршама толықтырулар енгізуді ұсынды.
"Бүгінде көлік құралдарын ұстауға арналған екі арнайы автотұрақ та толып кетті. Автомобильдер ұзақ уақыт сақталғандықтан ішінде аса қажет емес транспорт құралдарының саны көп. Алаш тас жолы бойынша 541 көлік, Н. Тілендиев даңғылы бойынша тұрақта 600 көлік тұр", - деп түсіндірді Әлихан Қуатбеков.
Дәл осы көріністер қазіргі қолдланыстағы құжатқа өзгерістер мен толықтырулар енгізуге және сонымен қатар жаңа мамандандырылған тұрақ салудың қажеттілігіне әкеліп соқты. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттама жасалып жатыр. "Автотұрақ "Көктал-2" ТА ауданы жақта 5,1 га жер телімі алаңына мамандандырылған ХҚКО қасына салынады. Жыл соңына дейін экспертизаның қорытындысын алуға тиіспіз", - деді баяндамашы.
Оның айтуынша, аталған талап көліктерді бірдей орналастыруға мүмкіндік береді.