Астанаға Үндістанның ірі инвесторы келді

1157

Үндістан делегациясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездеседі.   

Астанаға Үндістанның ірі инвесторы келді Фото: «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ

Астанаға іскерлік сапармен Үндістанның "Adani Group" конгломератының басшысы Гаутам Адани келді, деп жазады inbusiness.kz "KAZAKH INVEST" ҰК" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үндістан делегациясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездеседі. Сондай-ақ, оның премьер-министр Әлихан Смайыловпен және де орталық мемлекеттік органдардың басшыларымен кездесуі жоспарланып отыр.

Тараптар логистика, энергетика, мұнай-химия және басқа да салалардағы екі жақты ынтымақтастық мәселелерін талқылайды делінуде.

2022 жылғы қарашада "Adani Group" жалпы нарықтық капиталдандыруы рекордтық 280 млрд долларға жетті (2015 жылғы 16 млрд доллардан 17 есе өсім, - ред).

"Adani Group" компаниясының Қазақстанға сапарын Сыртқы істер министрлігі мен  "KAZAKH INVEST" ҰК" АҚ ұйымдастырды.

"Adani Group" компаниясын 1988 жылы Гаутам Адани құрған. Оның штаб-пәтері Ахмадабад қаласында орналасқан. Ол Bloomberg журналының мәліметіне қарағанда, Азияның ең бай адамы. Оның қаражаты 129 млрд доллардан асады. Ал Forbes-тың дерегі бойынша Адани дүниежүзіндегі ең бай үш адамның қатарына кіреді. Бизнесменнің қаражаты 136 млрд доллардан асады деген дерек бар.

"Adani Group" компаниясының жылдық табысы - 25 млрд  доллар. 70-тен астам елде 23000-нан астам қызметкері бар.

"Adani Group" энергетика, теңіз порттары мен логистиканы, тау-кен өнеркәсібі мен пайдалы қазбаларды өндіруді, газды, сондай-ақ әуежайларды, деректер орталықтарын және басқа да қызмет түрлерін қамтитын 7 компаниядан тұрады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу