Қалалық инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы жарты жылдығында Елордаға шамамен 750 мың турист келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға көп. Оның ішінде 180 мың – шетелдік қонақтар, олардың басым бөлігі Ресей, Қытай, Түркия, АҚШ және Германия елдерінен келген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бүгінде Астанада 100-ден астам туристік нысан бар, оның ішінде мұражайлар, театрлар, галереялар, діни және спорттық ғимараттар бар. Қонақтардың ыңғайлылығы үшін заманауи навигациялық жүйе енгізіліп, инфокиоск пен экскурсиялық қызметтер жұмыс істейді, цифрлық шешімдер іске қосылған.
Халықаралық әуежайда қонақтарға арналған бірегей Taxi Point қызметі іске қосылды – Қазақстанда алғаш рет мобильді қосымшасыз, тәулік бойы жұмыс істейтін такси тапсырыс терминалдары. Бұл жүйе жеті тілде қолжетімді болып, қалаға жылдам әрі қауіпсіз жетуді қамтамасыз етеді.
Туризмді дамыту стратегиясын жүзеге асыру мақсатында туристік инфрақұрылым, қонақ үй бизнесі, MICE сегменті және гастрономия мен ірі іс-шара индустриясының танымал мамандары кіретін Сараптамалық кеңес құрылды. Кеңес инновациялық туристік бағдарламалар әзірлеумен және саланың ең жоғары стандарттарына сай стратегия жасаумен айналысады.
Астананың мәдени орталық ретіндегі мәртебесін жақында өткен Jennifer Lopez концерті де айқындады – шараға 30 мыңнан астам көрермен жиналды, олардың 10 мыңы шетелдік туристер болды. Mastercard деректері бойынша, Астанада туристің тәуліктік орташа шығыны 118 мың теңгеге жетеді, бұл саланың жоғары экономикалық тиімділігін көрсетеді.
21 қыркүйекте өткен Backstreet Boys концерті де жылдың ең көп көрермен жинаған шараларының біріне айналды. Оған 45 елден 12 мыңнан астам турист келді. Олардың қатарында Германия, Польша, Франция, Түркия, Финляндия, Литва, Эстония, Чехия, Сербия, Грекия, Әзербайжан, Ресей, Өзбекстан және басқа да мемлекеттер бар.
Елорда қонақтарына арналған цифрлық орта да кеңеюде: туристер 168 нысанды қамтитын аудиогидтері бар халықаралық izi.TRAVEL платформасын, Astana Pass картасын, сондай-ақ қаланың негізгі нүктелеріндегі навигацияны және QR-кодтарды пайдалана алады.