Астаналық дәрігерлер ата-аналарға үндеу жасады

144

Дәрігерлер ата-аналарды кезекті мәрте балаларын уақытылы вакцинациялауға шақырды.    

Астаналық дәрігерлер ата-аналарға үндеу жасады Фото: informburo.kz

Астанадағы №3 көпсалалы қалалық балалар ауруханасында қызылша диагнозымен ауруханаға жатқызылған балаларға кезекті тексеру жүргізілді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Аурухананың медициналық бөлім жөніндегі директор орынбасары Роза Өтегенованың айтуынша, 2025 жылдың қазан айынан бастап елордада қызылшамен ауыратын науқастар саны артқан.

"2025 жылдың қазан айынан бері қызылша диагнозымен түсетін науқастар саны көбейді. Госпитализацияның ең жоғары көрсеткіші 2025 жылдың қараша-желтоқсан айларына сәйкес келді. Биылғы қаңтардан бастап төмендеу байқалғанымен, бұл диагнозбен балалар әлі де түсіп жатыр", – деді ол.

Қазіргі уақытта стационарда қызылша диагнозымен 50-ден астам бала ем қабылдап жатыр. Олардың басым бөлігі – 5 жасқа дейінгі бүлдіршіндер. Сонымен қатар мектеп оқушылары мен орта және жоғары оқу орындарының студенттері де бар.

 "Егер бала екпе алмаған болса, инфекция өте жұқпалы. Қызылша асқынуымен қауіпті – бронхит, әртүрлі деңгейдегі пневмония, басқа ағзалардың зақымдануы болуы мүмкін. Әсіресе орталық жүйке жүйесіне әсер ететін асқынулар өте қауіпті", – деп түсіндірді Роза Өтегенова.

Оның айтуынша, қызылша ауа-тамшы жолымен тарайды және науқаспен байланыс кезінде жұқтыру ықтималдығы өте жоғары.

Маманның сөзінше, қызылшаға қарсы алғашқы екпе балаларға бір жасында салынады. Бұл – қызылша, қызамық және паротитке қарсы біріктірілген вакцина.

Қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің алты айлық жастан бастап балаларды қосымша иммундау туралы қаулысы күшінде.

"Өкінішке қарай, мұндай ерте жаста вакцина алғандардың үлесі әлі де төмен. Бұл ата-аналардың бала денсаулығына деген жауапкершілігін арттыру қажет екенін көрсетеді", – деді дәрігер.

Дәрігерлер ата-аналарды вакцинацияны кейінге қалдырмай, балаларды қауіпті инфекциялардан уақытылы қорғауға шақырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу